364 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылды

882

364 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Оңтүстік Қазақстан облысында кадастрлық құны 603 814 600 теңгені құрайтын 364,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған жер учаскелеріне жүргізілген тексеру жұмыстарының арқасында қол жеткізіліп отыр. Бұл туралы облыстық жер инспекциясы басқарма басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.   

Ағымдағы жылы басқармаға жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік, құқық қорғау және жергілікті органдарынан 4708 арыз-шағым келіп түскен. Оның 3797-і қаралып, 286-сына тексеру тағайындалған. Нәтижесінде жер учаскелерін өз мақсатына сай пайдаланбаған және жер заңнамаларын бұзған 218 жер учаскесіне 8 871 000 тенге айыппұл салыныпты.

"Бүгінде салынған айыппұлдың 3 978 000 теңгесі өндіріліп, оларға заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз қабылданған және жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының жалған шешімдерімен 131 шешімді жою туралы сот органдарына талап-арыз беріліп, оның 69-ы қанағаттандырылып отыр", - дейді Алтынбек Әбдіқайымұлы.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1235 жер иелерінің 45157 гектар жері анықталып, жер заңдылығының бұзылуын жою жөнінде нұсқамалар берілген. Сондай-ақ 1748 жер иесінің 83 300 гектар жеріне қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 4 жер иесі 244,6 гектарды құрайтын жерінен өз еркімен бас тартыпты.  Бүгінде бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылса, 5 жер иесінің 73,9 гектар жерін мемлекетке мәжбүрлеп қайтару туралы сотқа талап-арыз дайындалуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу