"38 пайызы – жалған өнім": Ресейден әкелінетін балдың сапасына күмән келтірілді

434

Былтыр елімізде 4 мыңнан астам тонна бал өнімі жиналды. 

"38 пайызы – жалған өнім": Ресейден әкелінетін балдың сапасына күмән келтірілді Фото: canva.com

Сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында Қазақстанға Ресейден импортталатын бал өнімдеріне бақылауды күшейтуді сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатордың айтуынша, импорттан бажсыз келетін және сапасы тексерілмей шекарадан өтетін бал тұтынушылардың денсаулығы мен жергілікті өнім өндірушілерге қауіп төндіріп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстан 4 мыңнан астам тонна бал өнімін өндірді. Экспорт 222 тоннаны ғана құрады, бұл жалпы көлемнің 5,5%-ы. Закиржан Кузиев Ресейдегі балдың сапасына қойылатын талаптардың күшеюі жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін алға тартады.

"1 қыркүйектен бастап Ресейде "бал" ұғымы бекітіліп, 1 желтоқсаннан бастап тексерулер басталады. Зерттеулер бойынша Ресейдегі балдың 38%-ы жалған екенін ескере отырып, сапасыз балдың Қазақстанға келу ықтималдығы арта түседі", –деді Сенат депутаты Закиржан Кузиев.

Осыған байланысты сенатор Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады.

"Ара шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдауды сұраймыз, оған қаржыландыру, оқыту және ғылыми зерттеу шараларын да қосу керек. Бал импортына қатаң бақылау орнату, сертификаттауды міндеттеу және стандартқа сәйкес зертханалық зерттеулер енгізу қажет. Араның жағдайын ветеринарлық және санитарлық бақылауды да, зиянкестермен күресті де күшейту керек. Сондай-ақ, "бал" ұғымын бекітіп, жалған өніммен күрес үшін "Ара шаруашылығы туралы" заңға түзетулер әзірлеу де маңызды. Нарықтың ашықтығын арттыру үшін өндірушіден тұтынушыға дейін балды бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет", – деді Закиржан Кузиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу