380 мың тонна дизель отыны қажет

1003

Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты. 

380 мың тонна дизель отыны қажет Фото: inbusiness.kz

Министрдің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы бөлшек саудадағы бағадан 15-20 теңге арзан болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2021 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін әзірледі. Алда атқарылатын шараға  380 мың тонна дизель отыны қажет. 29 наурыздағы жағдай бойынша аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей: ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 90 %-ы, наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43%-ы тиеп-жөнелтілді.  Сәуір айында 107 мың, мамыр айында 125,4 мың, маусым айында 15 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелтуді жоспарлап отырмыз", –  деді Нұрлан Ноғаев. 

Бұдан кейін ол мұнай өңдеу зауыттарындағы дизель отынының бағасы туралы ақпаратпен бөлісті. 

"2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңге, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 172 мың теңге тұрады", – деді Нұрлан Ноғаев. 

Министр дизель отыны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиімді бағамен сатылатынын да тілге тиек етті. 

"Министрліктің бағалауы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы автожанармай құю станциясының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге төмен болады", – деді министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу