"Батыс транзит" АҚ МЖӘ аясында Атырау қаласының көше жарығын қамтамасыз етуді қолға алды, деп хабарлайды "Қазақстандық мемлекеттік - жеке меншік әріптестігі орталығы" АҚ баспасөз қызметі
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, "Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 39 көшені жарықпен қамтамасыз ету үшін жаңадан бағандар тұрғызылып, жарық үнемдейтін лампалар қойылады. Құрылысты 100% инвестор өзі қаржыландырып, құрылыс жұмыстары біткесін 6 жыл бойы осы көшелерді жарықпен қамтуды міндетіне алады".
Бұл жобаларды іске асыру уақыт талабынан туып отыр. Атырау қаласының көптеген көшелері жарықтандырылмаған. Сондықтан аймақ басшылығы үшін түнде түнекке оранатын көшелерді жарықтандыру әлеуметтік тұрғыдан да маңызды іске айналды.
"Батыс транзит" АҚ жобаны іске асыру барысында мемлекет тарапынан қолдаудың мына түрлеріне қол жеткізді: Мемлекет құрылыс жүргізгені үшін компаниядан жер салығын алмайды, ішінара кейбір техникалық шығындарды жабады, инвестициялық және операциялық шығындарды өтеп беріп жобаны басқарғаны үшін сыйақы төлейді.
"Батыс транзит" АҚ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында мемлекеттік деңгейдегі кейбір жобаларды сәтті жүзеге асыра білген компания. Мәселен, 2005 жылы осы кәсіпорын Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облысын электр торабымен байланыстыратын аймақаралық желінің құрылысын жүргізді.