4,5 млн қазақстандық тұрғын үйге мұқтаж – депутат

214

Оның 1,3 миллионы жастар. 

4,5 млн қазақстандық тұрғын үйге мұқтаж – депутат Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау 4,5 миллион қазақстандық үйге мұқтаж екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа депутаттық сауал жолдады.

"Бүгінгі таңда елімізде 4,5 миллион адам үйге мұқтаж екен. Оның 1,3 миллионы жастар. Осы жағдайға себеп болып отырған біраз мәселелерге тоқталғым келеді. Біріншіден, бұл елдегі мыңдаған салымшының бітпейтін құрылыстан тартып отырған азабы. 2023 жылы Қазақстандағы үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығының үлесі шамамен 70% құрады. Күні кеше Алматы облысындағы екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай отырған 200 отбасының дау-дамайы. Аталған мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласына "эскроу-шоттар" ұғымын енгізу ұсынылады", - деді депутат.

Сөзінше, "эскроу-шоттар" ұғымы еліміздің заңнамасына жат ұғым емес. 

"Алайда, бұл тетік тек төлем жүйелері мен төлемдер заңнамасы аясында ғана қолданылып келеді. Осылайша, құрылыс компаниясы объектіні пайдалануға бергенге дейін салымшылардың қаражаттары арнайы "эскроу-шоттарда" сақталады. Құрылыс компаниясы шартты бұзған жағдайда, салымшы ақшаны қайтарып ала алады. Бүгінде жеке басында бірнеше несиесі бар отандастарымыз аз емес. Көптеген отандасымыз алғашында үй үшін несие алса, содан кейін сол үйге жөндеу жұмыстарына тағы несие алады", - деді Нұргүл Тау.

Ол мәселенің шешімі ретінде тұрғын үйлердегі пәтерлерді толықтай жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға беруді ұсынып отыр. Депутат бұл әлемдік тәжірибеде қолданылатынын жеткізді.

"Әр пәтердің жөнделу бағасы салымшымен алдын ала шартта белгіленетін болса, мүлік бағасының шарықтауын алдын алуға болады деп есептейміз. Үшіншіден, қазіргі кезде елімізде 2 миллионнан астам азаматымыз тұрғын үйлерін жалдап тұрады. Олардың біраз бөлігі студенттер. Пәтерді жалдау бағасы күннен күнге шарықтап жатыр. Осылайша, пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын. Осыған орай пәтерлерді жалға беру бағасының шектік арасын айқындау қажет. Бұл жерде жалға берілетін пәтерлердің жағдайына сәйкес оларды хабарландыру сайттарында жұлдыз санын қою қажет", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ халық қалаулысы тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу қажет екенін де баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу