Жезқазған қаласы Полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай адам өмірін құтқарудағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент Жарлығымен берілген марапатқа ие болған полиция капитаны алты жыл ішінде төрт адамның өмірін сақтап қалған.
Оқиғалардың бірі биыл 6 сәуірде Жезқазғандағы Раскова көшесінде болған. Кешкі сағат 22:27 шамасында көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы терезеден салбырап тұрған ер адам туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен Ахмет Балғабай үшінші қабаттағы пәтердің есігі ашылмаған соң, екінші қабаттағы көршілерінен рұқсат сұрап, олардың үйіне кірген. Асүй терезесінен сыртқа шығып, әріптесімен бірге ер адамды ішке тартып, аман алып қалған.
Полицей бұған дейін де бірнеше адамның өміріне араша түскен. 2020 жылдың мамырында ол төртінші қабаттан секірмек болған қызды құтқару үшін ғимараттың сыртындағы кондиционердің үстімен жүріп өткен.
2024 жылғы 8 тамызда демалыста жүрген кезінде Сәтпаев көшесіндегі көпірден секірмек болған қызды байқап, оны сабырға шақырып, қауіпсіз жерге шығарған.
Ал 2026 жылғы 31 наурызда Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты үйде өрт шыққанда, тұрғындарды эвакуациялауға қатысып, арнайы жасақ қызметкерлерімен бірге ғимарат ішінде қалып қойған ер адамды сыртқа алып шыққан. Арада небәрі алты күн өткенде Раскова көшесіндегі оқиға орын алды. Бұл жолы да полицейдің дер кезінде қабылдаған шешімі адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақыт қызмет еткен Ахмет Балғабай өз әрекетін полиция қызметкерінің міндеті әрі азаматтық борышы деп санайды.