4 айда пәтер ұрлығы 30%-ға азайды

1303

Биыл полиция пәтер ұрлығымен айналысқан 294 ұры мен 22 қылмыстық топты ұстаған.

4 айда пәтер ұрлығы 30%-ға азайды

2021 жылғы 4 айда елімізде пәтер ұрлығы 30%-ға азайды. Бұл туралы ІІМ Криминалды полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда жасалатын барлық қылмыстың 10%-ы пәтер ұрлығы болып саналады. Ол пәтер ұрлығы үшін жаза күшейтілгенін атап өтті.

"2018-2019 жылдары ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, бірнеше рет пәтер тонау, ғимаратқа заңсыз кіру ауыр қылмыс болып саналды. Мұндай қылмыс жасағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркілетін болды", - деді Қанат Нұрмағамбетов ІІМ-де өткен брифингте.

Департамент басшысының орынбасары қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда пәтер ұрлығы 67%-ға азайғанын жеткізді.

"2021 жылғы 4 айда пәтер ұрлығы 30%-ға азайды, әрі бұл қылмысты ашу 13%-ға өсті", - деді басшының орынбасары.

Қанат Нұрмағамбетов пәтер ұрлығының алдын алу үшін министрлік ауқымды іс-шаралар жүргізетінін айтты.

"19-21 мамыр аралығында Қазақстанда "Пәтер" іс-шарасы жүргізілді. Оған әкімшілік және криминалды полиция департаменттерінің қызметкерлкері қатысты. Осы уақыт аралығында 238 қылмыс ашылды, 294 ұры жауапқа тартылды, оның ішінде 22 қылмыстық топ бар. Іс-шара барысында ұрланған заттар сатылған 1500 орын анықталды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 8 ұры, пәтер ұрлығына қатысы бар деген 68 күдікті ұсталды", - деді орынбасар.

Департамент басшысының орынбасары қазақстандықтарға қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға кеңес берді.

"Пәтердің есігі мен терезесін ашық қалдырмаңыздар, есікте 2 құлып болуы керек. Пәтер ұрлығының алдын алу үшін үйіңізге замануи қауіпсіздік құралдарын орнатыңыз. Қомақты ақшаны шкафта немесе матрастың астына емес, оны сейфте немесе банкте сақтаңыз", - деп түйіндеді сөзін Қанат Нұрмағамбетов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу