Қайырымды жігіт өзгенің үйінде ыдыс жуу арқылы отбасын асырап жүрген келіншекке үй сыйлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нағима – 49 жаста, ол қант диабетіне шалдыққан, екі баласы да эпилепсиямен ауырады. Күйеуі – туғанынан саңырау әрі мылқау, үшінші топ мүгедегі.
Нағима отбасын асырау үшін той-садақаларда ыдыс жуады, салат жауып, мешіттегі жәрмеңкелерде сатады. Өз баспаналары жоқ болғандықтан, олар пәтер жалдап тұрады.
– Жолдасыма жоспарлы ота жасайтын уақытта екі балам да ұстамамен ауруханаға түсті. Маған төрт көзіміз түгел дастарқан басында отырып, шай-тамақ ішу арман болып қалды, – дейді шарасыз Нағима.
Ол қызының да кішкентай кезінен көп қиыншылық көргенін, күні кеше ғана жылап отырып, Алладан көмек сұрағанын айтты.
Бетперде киген жігіт ол отбасыға ем қабылдауға және кәсіп ашуға қаржы берді. Мұнан бөлек жаңа пәтердің кілтін табыс еткен.
– Көз жасымен жасалған шынайы дұға ешқашан зая кетпейді. Бұйыртса, осы қаражатпен емге барасыздар, қалаған кәсібіңізді ашасыз, – деді бетперделі жігіт.
Бұған дейін бетперделі жігіт сирек кездесетін ауруы бар қызға баспана сыйлаған еді.