Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова трасплантология мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында министрлік пен мүфтият мәйіт донорлығы мәселесін талқылаған.
"Шын мәнінде, біз проблеманың бар екенін жасырмаймыз. Бүгінде 4 мыңнан астам азаматымыз трансплантация кезегінде тұр. Оның ішінде 70%-дан астамы бүйрек трансплантациясына байланысты. Жылына үш жүзден астам азаматымыз кезегі жетпей қайтыс болып кетіп жатқан жағдайлар бар. Осының бәрін Бас мүфтимен бірге тиісті деңгейде талқыладық. Олар осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені қосымша зерттеп көреміз деген ұсыныстар айтты", – деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Министрлік қызметті атқаратын тарифтерді қайта қараған.
"Қаржылай емес ынталандыру жұмыстарын кеңінен жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2800 қазақстандық eGov порталында өз келісімін берді. Қоғамда айтарлықтай өзгерістер болып жатыр деп айтуға болады. Бұл жұмысты енді біз бірлесе отырып атқаруымыз керек. Басқа да қосымша жұмыстар жүріп жатыр", – деді Ақмарал Әлназарова.