Ақмола (74,9%), Маңғыстау (79,6%), Солтүстік Қазақстан (78,8%) және Батыс Қазақстан облыстарында (78,8%) тұрғындардың цифрлық сауаттылық деңгейі төмен деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылы 6-74 жас аралығындағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 84,1%-ға жеткен. Жоспар бойынша ("Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы) ол 80% болған. Алайда өңірлерде 6-74 жастағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі көңіл көншітпейді.
Мысалы, өткен жылы 17 өңірдің төртеуі 80% көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейінің көрсеткіші Ақмола облысында, (74,9%), Маңғыстау облысында (79,6%), Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында (78,8%) төмен.
Қалған өңірлерде аталған көрсеткіш 80,9% (Жамбыл облысы) – 91,4% (Алматы қаласы) аралығында.
2020 жылы интернет желісіне, оның ішінде ұялы телефон арқылы интернетке қосыла алатын үй шаруашылықтарының үлесі орта есеппен – 92,4% (Қазақстан бойынша).
Цифрлық сауаттылық деңгейі 80%-ға жетпеген 4 өңірде интернетке қосылған үй шаруашылықтарының үлесі орташа республикалық көрсеткіштен төмен: Маңғыстау облысында – 90,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 89,5%, Батыс Қазақстан облысында – 89%, Ақмола облысында – 85,6%. Бұл – өңірлер арасында ең төменгі көрсеткіш.
Жергілікті тұрғындардың пікірінше, үй шаруашылығында интернетті пайдалануды тежеп отырған басты себеп – интернетке қажеттіліктің болмауы.
Аутсайдер атанған 4 өңірде бұл себепті респонденттердің 82,1%-85,5%-ы көрсеткен.
Интернеттің қымбат болуы да оны пайдаланбауға себеп болған: Ақмола облысында респонденттердің 11,5%-ына бұл фактор кедергі келтірген, Солтүстік Қазақстанда – 10,7%, Маңғыстауда – 8%.
Ғаламторды пайдаланбаудың тағы бір себебі – елді мекенде интернеттің болмауы. Батыс Қазақстан облысында респонденттердің 6,7%-ы осындай проблемаға тап болған.
Дәурен Ерболат