Қазақстанда 4 пайыздық автонесие бағдарламасына жыл сайын бюджеттен қосымша қаржы бөлініп отырады. Осы қаржының екінші деңгейлі банктерге биыл қашан жететіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы xолдингінің ақпараты бойынша "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға бюджеттік кредит беру шарттары ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 21 ақпандағы № 79 қаулысымен бекітілген. Оған сәйкес, бюджет қаржысы алдымен xолдингке, одан кейін Қазақстанның Даму банкі арқылы 4 проценттік автонесие беретін екінші деңгейлі банктерге таратылады. Осылайша, бір жағынан жеке тұлғалар жеңілдетілген автонесие алса, екінші жағынан отандық автокөлік өндірісін көтеруге мүмкіндік бар. Себебі ондай несие тек Қазақстанда құрастарылған көліктерге ғана беріледі.
"Қазіргі кезде уәкілетті органдардың шешім қабылдауымен және шарттар жасасумен байланысты рәсімдер жүргізілуде. Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің қаржы-қаражатын бөлу туралы банктің (Қазақстанның Даму банкі - авт.) ақпараттық хабарламасымен қосымша хабарланатын болады", – делінген xолдингтің ресми жауабында.
Айта кетейік, биыл 19 ақпанда 4 пайыздық автонесие бағдарламасына қосымша 10 миллиард теңгені бөлу туралы қаулыны қабылдаған болатын. Соның 8 миллиарды жеңіл көліктерді несиелеуге бағытталса, 2 миллиард теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады.
Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам автомобиль сатылады. Келесі жылдары револьверлік қаражат есебінен жылына орташа есеппен 400-500 отандық автомобиль сатылатын болады деген жоспар бар.
4 пайыздық автонесие бағдарламасы осыдан төрт жыл бұрын қолға алынған болатын. Содан бері бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында 13 245 отандық автокөлік жеңілдікпен сатылып, 747 коммерциялық теxника лизингке берілді.