4 тамыз күні Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту күшінде болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жауын-шашын, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі.
Сонымен қатар бірқатар аймақта ауа температурасы 35–40 градусқа дейін көтеріліп, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Алматы және Жетісу облыстарында таулы өңірлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 25–28 метрге дейін жетеді.
Алматы қаласында да жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді.
Ұлытау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да найзағай, жаңбыр, қатты жел, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болжанып отыр.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күндіз ауа температурасы 35–38 градусқа дейін ысиды.
Түркістан облысында шаңды дауыл болуы ықтимал. Шымкент пен Түркістан қалаларында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді. Өңірде өрт қаупі әлі де жоғары.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға, дауылды жел кезінде қауіпсіз жерге паналауға және өрт қаупі жоғары аймақтарда от жағудан бас тартуға шақырды.