Атырауда осы жылдың шілде айында балабақшаның 4 жастағы тәрбиеленушісі кәріз құдығына түсіп, мерт болды. Осы оқиғаға байланысты балабақша басшысы мен тәрбиешісі өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, абайсызда кішкентай баланың өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетін жасағаны үшін екі айыптыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 10 шілдеде сағат 10.45 шамасында болған. Қараусыз қалған төрт жастағы бала кәріз құдығына құлап, қаза тапқан.
Сотталушылар кінәсін толық мойындады. Олардың кінәсі оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелін тапты.
"Қылмыстық кобекстің 141-бабының 2-бөлігімен сотталушылар кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді", – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.