Биыл жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 17 дерегі ашылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде төрт жағдайда жәбірленушілердің өлімі тіркелген.
Солардың бірі – Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған қылмыс. 2022 жылдың қыркүйегінде Шарбақты кентіндегі жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның мәйіті табылып, оның денесінде көптеген жарақат белгілері анықталған болатын. Алайда сол кезеңде қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болмаған.
2026 жылы полиция қызметкерлерінің мұқият жүргізген қосымша жедел-іздестіру шаралары мен марқұмның байланыс ортасын тексеру нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қаза тапқан азаматтың танысы екені белгілі болды.
Тергеу барысында анықталғандай, оқиға күні ер адамдар бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін арада туындаған жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге дене жарақаттарын салып, оның өліміне себеп болған.
9 ақпанда жиналған дәлелдемелер негізінде күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін Павлодар облысы Шарбақты аудандық сотының үкімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
ІІМ мәліметінше, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Қылмыстарды ашу ерекше бақылауда тұр.