Алайда халық әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. Есесіне мемлекеттің милиондаған қаржысына тартылған құбырлар бүгінде қараусыз қалған.
4 жыл алдын көгілдір отын келіп қолымыз ұзарады деп қуанған Сәкен Сейфулин ауылындағы ағайынның қазір үмітінен күдігі басым. Өйткені, басында қарқынды басталған құрылыс соңында сиырқұйымшақтанып кеткен.
"Біздің ауылға келгенде бюджетте ақша болмай қалады. Әйтеуір бірдеңе болады. Тек қағаз жүзінде ғана бізге жауап береді, болды", дейді Ауыл тұрғыны Мұрат Тұрсынбаев.
Көгілдір отынның жоқтығынан шалғайдағы жұрт биыл қатты қиналған. Себебі, қыс қатты болып, көмірдің құны шарықтап кеткен.
Ал, жауаптылар болса Жетісайда тек Сейфулин ауылы ғана емес жалпы төрт ауылда көгілдір отын мәселесінің бар екенін айтып отыр. Оған газ жетіспеушілігі себеп көрінеді.
"Аудан аумағындағы АГДС дейміз, газ таратушы станциясының қуаттылығы жетіспеушілігіне байланысты елдімекенге газ беру мүмкіншілігі болмауда. Жаңадан жоба жасақталып, АГДС салу жұмыстары жүргізіліп жатыр", дейді Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Берік Мәмбетов.
Сәкен Сейфулин ауылында көгілдір отыннан бөлек жарық пен жолдың мәселесі де өзекті. Тұрғындар ол мәселені талай рет көтерген. Ал билік жол мәселесі биыл, ал жарық алдағы жылдары шешіледі деп сендірген.