Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 40 студенті дәстүрлі "Жазғы мектеп" бағдарламасы аясында Түркия Республикасына аттанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба академиялық ұтқырлықты дамытуға, студенттердің халықаралық тәжірибесін кеңейтуге және түркі елдері арасындағы білім беру мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Бағдарламаға оқу үлгерімі жоғары, түрік тілін еркін меңгерген әрі қоғамдық, ғылыми және шығармашылық бағыттағы түрлі байқауларда үздік нәтиже көрсеткен белсенді студенттер іріктеліп алынды.
Алдағы он күн ішінде қатысушылар Бурса, Чанаккале, Балыкесір, Билежік, Анкара, Невшехир, Болу және Ыстанбұл қалаларында болып, тарихи-мәдени мұра нысандарымен танысады. Сонымен қатар жетекші жоғары оқу орындарының жұмысымен және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму тәжірибесін зерделейді.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері "Жазғы мектеп" бағдарламасы бойынша Түркияға биыл төртінші рет барып отыр. Алғашқы жылы бағдарламаға 70 студент қатысса, кейінгі үш жылда жыл сайын 40 студенттен қатысып келеді.