Былтыр басталған жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне шенділер мен олардың отбасы мүшелері іліккен еді. Биыл 570 мың мемлекеттік қызметкер атындағы мүлкі мен табатын табысы жайлы есеп беріпті. Ал одан жалтарғандардың бәріне хабарлама жолданған. Нәтижесінде 10 мыңнан астам адам кеш те болса декларация тапсырған. Қалған 30 мыңы бойынша мән-жай анықталып жатыр.
"Декларацияны уақытылы ұсынбаудың белгілі себебі болса, ашық айтуына болады. Адам мемлекеттік қызметтен кетіп қалған жағдайлар да кездесіп жатыр. Яғни біздің базада ол мемлекеттік қызметкер ретінде тіркелген, ал іс жүзінде жұмыстан шығып кеткен. Жалпы, аталған мәселе бақылауда", деді ҚР Қаржы министрлігіндегі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов.
Декларацияны уақытылы тапсырмаған мемлекеттік қызметшіге бірінші рет ескерту жасалады. Ал оған құлақ аспаса 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 61 мың теңге.