40 университеттің ішінен таңдау жасау қиындық тудырған жоқ - Ислам Абдурахманов

240

Басты мақсатым - шет елде білім алып, біліктілігімді арттыру.  

40 университеттің ішінен таңдау жасау қиындық тудырған жоқ - Ислам Абдурахманов Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Түркістандық түлек Ислам Абдурахмановқа әлемдегі алпауыт 6 мемлекетте орналасқан 40-тан астам жоғары оқу орнынан шақырту келді. Яғни, жас түлек БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария елдеріндегі әлемге танымал жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

KAZINFORM тілшісі Исламмен сұхбаттасып, алдағы жоспарларын біліп қайтты.

- Ислам, сені биылғы жетістігіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы қай елде оқуды жоспарлап отырсың ?

- Рахмет! Қазір АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында орналасқан "North American University (NAU)" оқу орнын таңдап отырмын. Бизнес-финанс мамандығын меңгерсем деймін. Басты мақсатым - шет елде білім алып, біліктілігімді арттыру. Содан өз Отаныма оралып, еліміздің дамуына үлес қосу. Қазір виза алып, құжаттарымды дайындап жатырмын. Тамыз айының 12 жұлдызы күні Америкада болуым керек. 21 тамызда сабақ басталады. Оған дейін жатақханаға орналасып, жан-жақпен танысамын.

- Грант иеленген 40 университеттің ішінен таңдау жасау қиындық тудырмады ма ?

- Жоқ, таңдау қатты қиын болған жоқ. Себебі, мен 10-шы сыныптан бастап "North American University (NAU)" университеттінде оқуды алдыма мақсат етіп қойдым. Аталған оқу орны бизнес-финанс мамандығы бойынша жоғары нәтиже көрсетеді. Басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда рейтингі де жоғары. Сондықтан мамандығым бизнес-финанс болғандықтан, бірден "North American University (NAU)" оқу орнын таңдадым.

Жалпы өзіме сенімдімін. 5 тіл білемін. Ағылшын тілінде жетік сөйлеймін. Сондықтан, Америкада жүру, білім алу қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Уайымдап жүргенім жоқ.

- Шет елде білім алуыңа ата-ананың көзқарасы қалай ?

- Әрине, 40 университеттен шақырту түскенде қатты қуанды. Содан қолдады. Ешқандай қарсылық білдірмеді. Мұның баршасы маған деген ата-анамның үлкен сенім білдіргені деп ұқтым. Құдай бұйыртса, сенім үдесінен шығып, ең үздік студент атануға уәде беремін.

- Естуімізше шахмат пен ІТ саласына қатты қызығады екенсің ?

- Жетінші сыныпта интеллектуалды жарыстарға қызыға бастадым. Олардың ішінде шахматқа ерекше назарым ауды. Нәтижесінде қалалық және облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Ал, сегізінші сыныпта ІТ саласын меңгере бастадым. Республикалық деңгейде өткен "Hackathon" атты жарыстан алтын медальды жеңіп алдым. Осы іс-шарадан алған тәжірибем "Қазақстан білім олимпиадасынан" бірінші орын иеленуіме себепкер болды.

Тоғызыншы сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының "Eco Turkistan" клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе жинай отырып, Кентау қаласында өзімнің "Green Team" атты жеке эко клубымды аштым. Оның негізгі мақсаты – қала тазалығына көңіл бөлу. Қазір клубта 50 мүше бар. Оқушылар жазғы демалыста болған соң, уақытша жұмысымыз тоқтап тұр. Ал, күзде экологиялық жұмыстарды қайта басталады.

- Жалпы 40 университетке құжатты қалай тапсырдың ? Шақырту саған қалай келді ?

- Мен 11 сыныпты оқып жүріп жоғары оқу орнына түсуді қолға алдым. Бұл бағытта ағылшын тілінен IELTS тестін тапсырдым. Өте жақсы нәтиже көрсеттім. Содан, мықты деген университеттерге онлайн түрде емтихан тапсырып, құжаттарымды ұсындым. Нәтижесінде, электронды поштама 40-тан астам жоғары оқу орнынан шақырту келді. Бұл мүмкіндікті 5 жылдық еңбек пен ізгі ниеттің жемісі деп білемін. Себебі, соңғы бес жылдықта көп іздендім. Бағыт-бағдар берген және бар білімін үйреткен ұстаздарым Арғын Бастами мен Айдос Қуатовқа айтар алғысым шексіз.

- Рахмет, сәттілік тілейміз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу