40 жас футболшы "Қайрат" академиясына қабылданды

Бұл туралы Қайрат Боранбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

40 жас футболшы "Қайрат" академиясына қабылданды Фото: бейнежазбадан

Жаңа тәрбиеленушілер академияның арнайы рәсіміне қатысып, ант берген және алғаш рет "Қайраттың" жейдесін киген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өз кезегінде Қайрат Боранбаев оларға клубтың эмблемасын иелену үлкен жауапкершілік жүктейтінін еске салды.

“Қайратта” жасқа жеңілдік жоқ: мұнда қатаң тәртіп, үлкенді сыйлау, мектепте жақсы оқу және алаңда бар күшіңді салу талап етіледі. Тәрбиеленуші антын айтып, алғаш рет “Қайраттың” жейдесін киюге бірнеше минут қана кетеді. Бірақ бұл эмблеманы тағып жүруге лайық екеніңді дәлелдеу үшін жылдар бойы тынымсыз еңбек ету керек", – деп жазды ол.

Боранбаевтың сөзінше, академияның міндеті тек кәсіби футболшылар даярлаумен шектелмейді. Мұнда жасөспірімдердің тәртібіне, біліміне, мінезі мен адамдық қасиеттеріне де айрықша мән беріліп жүр.

"Академиямыздың философиясы мықты футболшыларды ғана тәрбиелеп шығару емес. Одан да маңыздысы – лайықты, тәртіпті әрі білімді азамат тәрбиелеу. Олардың бәрі бірдей кәсіби спортшы болмауы мүмкін, бірақ әрқайсысы бұл жерден өміріне қажет дұрыс құндылықтар мен мықты мінез қалыптастырып шығуы керек", – деді Қайрат Боранбаев.

Клуб басшысы академияда жас футболшылардың дамуына қажетті инфрақұрылым, жатын орын, тамақтану жүйесі және білікті жаттықтырушылар қарастырылғанын мақтанышпен айтты.

"Біз әр таланттың ашылуына барлық жағдайды жасадық. Ендігі кезек жігіттерде, олар бұл жерге бекер келмегенін дәлелдеуі керек. Алда ұзақ жол бар, күн сайын еңбек етіңдер. Біз біргеміз!", – деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу