Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Бауырластық – балғын шақтан басталады!" тақырыбында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ontustik.gov.kz.
Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабындағы "Сарвар" тойханасында өткен мерекелік жиында Сайрам балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына, барлығы 400-ден астам бүлдіршінге мерекелік дастархан жайылып, арнайы сыйлықтар таратылды.
Жиынды сөз алған облыстық ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мұндай қайырымдылық шаралар адамдарды ұлтына, дініне қарамай жақындастыра түсетінін айтты.
Сондай-ақ, қайырымдылық шараның өтуіне демеушілік танытып отырған жергілікті кәсіпкерлер мен Бүкілдүниежүзілік мұсылмандар қорының Қазақстандағы филиалының өкілдері еліміздегі бейбітшіліктің, татулық пен келісімнің қадірін түсінудің маңызына тоқталды.
Мерекелік шарада балалардың көңілін көтеру мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды.