Астана тұрғындарының 33,08%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бүгінде бұл көрсеткіш 406 мыңнан астам адамды құрайды, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 406 552 адам айналысады. Бұл тұрғындардың жалпы санының 33,08%-ын құрайды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 35%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр", - деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Ақпаратқа сәйкес, Көктал-2 және Өндіріс елдімекендерінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Мұнда 10 спорт түрі бойынша мыңға жуық бала жаттығады. Мұндай кешеннің құрылысы тағы екі елдімекенде жүргізіліп жатыр.
Бұдан басқа "Толқын" спорт кешені мен "Жастар" сарайында жөндеу жұмысы жүргізілуде.
"Бұқаралық спортты қаржыландыру 3 есеге артты. Қ.Мұнайтпасов атындағы футбол стадионы мен "Қазақстан" спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоспар бойынша аяқталу мерзімі – 2024 жыл", - деп атап өтті спорт басқармасының басшысы.
Самат Жылқыбаевтың сөзінше, 19 ақпанда қалада жыл сайынғы "Бұрқасын-2023" қысқы фестивалі өтеді. Ал, ақпан-наурыз айларында қысқы триатлоннан жарыстар, ат спортынан бірнеше жарыс, "солтүстік өңір" көкпары, Наурыз мерекесіне байланысты бірқатар бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспарланған.