Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев Үкімет отырысында білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы төрт жылда облыста үш ауысымды оқытуды азайту үшін 75 жаңа мектеп салынып, 6 мектепке қосымша ғимарат салынған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жалпы 24 900 оқушыға арналған 26 "Келешек мектеп" пайдалануға берілді.
Биыл тағы 10 мектептің күрделі жөндеуі аяқталды, ал екі нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Жаңа оқу жылында облыстағы 502 мектепте 385 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 32 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Оқушылар санының жыл сайын артуына байланысты өңірде жаңа білім ошақтарын салу негізгі міндеттердің бірі болып отыр.
Осы мақсатта 5 100 орынға арналған 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар жатақхана мәселесіне де көңіл бөлінуде: биыл 200 орындық бір жатақхана аяқталса, жыл соңына дейін тағы үш, жалпы 500 орындық жатақхана пайдалануға беріледі.
Білім саласына биыл 458 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде оқулықтарды сатып алуға 3,3 млрд теңге қарастырылған. Әлеуметтік қолдау аясында 63 мың оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары беріледі. "Мектепке жол" акциясы арқылы тағы 18 мың балаға демеушілер көмектеседі.
Сонымен қатар 185 мың оқушы тегін ыстық тамақпен, ал шалғай ауылдардағы 29 мыңнан астам бала мектеп тасымалымен қамтылады.
Қазір облыстағы барлық мектеп интернетке қосылған. 78 мектепте биыл 203 заманауи оқу кабинеті ашылады. Сондай-ақ 2020 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептерде жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. 213 білім беру ұйымында арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған.
Әкімнің айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізіліп, тұрақты бақылауда тұр.