473 әскери міндетті арнайы жиынның құрамына алынды

882

Оның қатарында 71 офицер, 402 сержант пен сарбаз бар.

473 әскери міндетті арнайы жиынның құрамына алынды

Олардың басым бөлігі өз еріктерімен келген. Бұл туралы ҚР ҚК Бас Штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте мәлім етті. 

"Қорғаныс министрлігі әскери міндеттілердің шақырылуы, санитарлық-гигиеналық нормалар мен әскери тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әскери полиция мен Бас штабтың басшылығына тапсырма берді. Жиынға шақырылу шарттары туралы мәліметті тәулік бойы істейтін 18 колл-центрден алуға болады. Әкімдіктер әскери міндеттілерді арнайы киімдермен, қорғану құралдарымен және тамақпен қамтамасыз етіп жатыр", – деді Боранбаев. 

Қазір арнайы жиын бөлімшелері Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қызылорда, Павлодар, Ақмола мен Алматы облыстарында құрылған. Қазір Ақтөбе мен Атырауда әскери міндеттілерді шақыру жұмыстары жүріп жатыр. 13 сәуірде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында, 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында, 15 сәуірде Жамбыл облысында,  17 сәуірде Түркістан облысында осындай бөлімшелер құрылады. Қазір Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы жиындарды жүргізу мәселесі талқыланып жатыр. 

Естеріңізге сала кетейік, 2 сәуірде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері, Серік Боранбаевтың айтуынша, 473 адам жиын құрамына алынған.

Табиғат Нұрболат

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу