"4739": Астанада трансплантация күтіп жүрген қазақстандықтың тағдыры туралы фильм көрсетілді

335

Фильм атауының өзіндік мәні бар – 4739.  

"4739": Астанада трансплантация күтіп жүрген қазақстандықтың тағдыры туралы фильм көрсетілді Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Бұл – бүгінде ағзаны трансплантаттауды күтіп отырған азаматтардың саны. Олардың басым бөлігі үшін трансплантаттау – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы және Қазақстандағы трансплантологияның дамуына арналған "4739" қысқаметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, танымал дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медицина қауымдастығының өкілдері, трансплантаттау жүргізілген пациенттер және олардың отбасы мүшелері қатысты.

Фильмде денсаулық сақтау саласымен ғана шектелмейтін, адамгершілік құндылықтарды – мейірімділік, жауапкершілік, өзара қолдау және өзге адамға өмір сыйлау мүмкіндігін қамтитын маңызды мәселелер көтеріледі. Картинада күрделі шешім қабылдау қажеттілігіне тап болған пациенттердің, дәрігерлердің және отбасылардың шынайы оқиғалары баяндалып, көрерменді ағза донорлығының маңызы туралы ойлануға жетелейді.

"Жаңа Конституцияда өмір сүру құқығы әрбір адамның ажырамас әрі айырылмайтын құқығы ретінде бекітілген, ал азаматтарға денсаулықты сақтауға кепілдік берілген. Бұл нормалар мемлекетке денсаулық сақтау жүйесінің профилактикадан бастап уақтылы диагностикаға, жоғары технологиялық емдеуге және трансплантаттауға дейін адам өмірін сақтап қалудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға жауапкершілік жүктейді", – деді өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары.

Денсаулық сақтау министрлігінде мұндай әлеуметтік жобалардың донорлық мәдениетін қалыптастыруда және халықтың ақпараттану деңгейін арттыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

"Трансплантологияны дамыту тек инфрақұрылымды жетілдірумен және медициналық технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта қоғамның сенімі, азаматтардың ақпараттануы, азаматтық жауапкершілігі және қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін түсінуі де аса маңызды. Осындай фильмдер күрделі тақырыптарды ашық талқылауға жол ашып, қоғамның донорлық мәселесіне деген жауапты көзқарасын қалыптастырады әрі адам өмірінің жоғары құндылығын еске салады", – деді Ақмарал Әлназарова.

Соңғы екі жылдың ішінде  Қазақстанда трансплантология қызметін дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде ағзаны трансплантаттау отандық денсаулық сақтаудың ең жоғары технологиялық бағыттарының біріне айналды.

Егер 2023 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жетіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш еседен астам өсті.

2024 жылы 6 донорлық үдеріс жүзеге асырылса, 2025 жылы олардың саны 18-ге жетіп, нәтижесінде өмірлік маңызды ағзаларға 68 трансплантаттау жүргізілді. Бұл азаматтардың трансплантаттау жүйесіне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы бес жылдың ішінде  елімізде шамамен 1 500 ағзаны трансплантаттау орындалды. Оның әрбір төртінші операциясы 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпені трансплантаттау бойынша 310 операция жасалды.

Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүректі трансплантаттау сәтті жүргізілді, бұл жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуындағы жаңа кезең болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу