Самат Әбдішейх есімді Бангладештің 60 жастағы тұрғынын жерлестері "ағаш Самат" атап кеткен. Күніне бір тал еккені үшін. Ол жарты ғасырға жуық, дәлірегі, 48 жыл бойы күніне бір талдан егіп отырған, деп хабарлайды islam.kz.
Самат рикша болып жұмыс істейді, яғни нәпақасын адам тасумен тауып жүр. Сондағы бар тапқаны – күніне 1 евро.
Оның бір дерті бар – түнде көз іле алмайды. Талай жылдан бері көрер таңды көзбен атырып келеді. Яғни ұйқысыздықтан азап шегіп келеді. Ол бастапқыда екі қолын алдына сыйдыра алмайды, құр қарап отырмай, тал егуді әдетіне айналдырады. Өзінің есебі бойынша, жаңылыспаса, осы уақытқа дейін 17 532 ағаш отырғызған. Ол талды мемлекет меншігіндегі жерге егуге тырысады. Өйткені ағашты кесіп алуға мемлекеттің кәрінен жасқанып, ешкімнің батылы бармайды.
"Мен тек егіп қана қоймай, оларды суғарып, өскенше қадағалаймын. Мен табиғатты, соның ішінде, талды қатты жақсы көремін", – дейді ол.