123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа,32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады.
"2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберді. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелді", - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.
Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр.
"2023 жылдың өзінде квазимемлекеттік сектор республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Олар пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр. Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай", - деді бас аудитор.
Мемлекеттік борышқа келер болсақ, биыл бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр.
"Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді", - деді Смайылов.
Осы мәселелерге келгенде макроэкономикалық және бюджеттік параметрлерді өзара байланыстыра отырып, ұзақ мерзімді жоспарлау қажет.