Алматы қалалық соты Salem Social Media компаниясы мен журналист Асқар Жалдиновтың арасындауға дауға қатысты шешім шығарды. Оған сәйкес компания талапкердің пайдасына 3,4 млн теңге көлемінде өтемақы, 1 млн теңге моральдық залал өтеуге тиіс, деп жазады inbusiness.kz қалалық сотқа сілтеме жасап.
Сот "5:32" веб-сериалының сценарийін жазу кезінде авторлардың Асқар Жалдиновтың "Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане" кітабында көрсетілген оқиғаларға сүйеніп жазғанын анықтады.
"Сонымен бірге жауапкерлер бұл фактіні жоққа шығармай, талапкердің кітабы елімізде әртүрлі уақыт аралығында болған нақты қылмыстарға негізделгенін, сондықтан ҚР ҚК 974-бабының талаптарын негізге ала отырып, авторлық құқықтың бұзылуын мойындамады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер авторлық құқық объектісі болып табылмайды және талапкер оларды монополиялай алмайды. Осыған байланысты олар соттан талап арызды толығымен қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады", - делінген хабарламада.
Сот тараптардың барлық уәждерін мұқият талдап, куәларды тыңдады.
"Талапкер бұл кітапты жазу кезінде ІІМ мен республика соттарының мұрағаттарын, қылмыстық істер материалдарын зерделеу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген. Сондай-ақ қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолдана отырып пайдаланған. Аталмыш әрекеттерді ескере отырып сот кітапты шығармашылық жұмыстың нәтижесі деген қорытындыға келді", - делінген мәліметте.
Сот отырысында талапкер Асқар Жалдинов Азаматтық процестік кодекстің 72-бабына сәйкес жауапкерлердің өзіне тиесілі құқықтарды заңсыз пайдалану фактісін жеткілікті дәрежеде дәлелдеді. Ал, жауапкерлер авторлық құқық объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің заң талаптарына сәйкес келетіндігін және автордың құқығын бұзбағандығын дәлелдемеген.
"Авторлық құқық объектісі болып табылатын талапкердің кітабын жауапкерлер жазбаша сценарий түрінде автордың келісімінсіз пайдаланғандықтан, сәйкесінше талапкердің жауапкерлерге авторлық құқықтың бұзылғаны үшін өтемақы өндіру туралы талаптарын сот негізді деп санап, қанағаттандыруға жатады деп таныды. Сот барлық мән-жайларды ескере келе, парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып, талапты ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ жауапкерлерге кітапты пайдалану фактісін аталған сериалдың кредиттерінде қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді. Жауапкерлерден талапкер пайдасына 1 000 АЕК көлемінде өтемақы және 1 млн теңге моральдық залал, сонымен қатар сот шығындары өндірілді. Ал, талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды", - делінген хабарламада.
Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.