5 маусым – табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығына қоғам назарын аударуға арналған Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда экологиялық туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Қазіргі таңда елімізде 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге 3,7 миллионнан астам турист келген.
Экотуризм туристік саланы дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде табиғи аумақтарды сақтауға, өңірлердің дамуына және жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
Бұл бағытта 2021 жылдан бері Kazakh Tourism ұлттық компаниясы қонақ үйлерді (guest house) ашу және басқару бойынша оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бағдарлама бүгінде 10 өңірдегі 24 елді мекенді қамтыған.
Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында елде 31 визит-орталық жұмыс істейді. Олардың қатарында Бурабай, Іле-Алатауы, Шарын, Алтын-Емел және Катонқарағай ұлттық парктері бар.
Туризмді жергілікті қауымдастықтар арқылы дамыту бағытында Алматы облысындағы Саты ауылы табысты үлгі ретінде аталып отыр. Ауыл 2023 жылы БҰҰ Туризм ұйымының Best Tourism Villages халықаралық марапатына ие болған.
Агротуризм саласында да оң динамика байқалады. 2020 жылдан бері Kazakh Tourism ауыл тұрғындарын оқыту және әлеуетті агротуристік нысандарды анықтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда бағдарлама 9 өңірдегі 50-ден астам елді мекенді қамтып отыр.
Туризм және спорт министрлігі экологиялық және агротуризм бағыттарын дамыту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, бұл бастамалар табиғи мұраны сақтауға, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған.