Метеорологтар "маусым айында еліміздің 5 облысында құрғақшылық болады" деп болжайды. Ақтөбе облысының Ырғыз, Әйтеке би, Хромтау аудандары осы жағымсыз тізімге кірген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Тобыл аймағында Амангелді және Жангелдин, Қызылорданың Қармақшы ауданында да ылғалдылық төмендейді.
Ақмола облысына қарасты Жақсы мен Қарағандының Шет ауданында да осы айда қуаңшылық ықтималдығы жоғары. Алайда, синоптиктер мұны "бірқалыпты құрғақшылық" деп жұмсартып отыр. Ал сарапшылар "жағдай мүлдем қиын" дейді. Өйткені, қазірдің өзінде теріскейдегі шаруалар "ылғал жоқ" деп дабыл қағып жатыр.
"Алдыңғы жылғы қуаңшылықтардан біздің Үкімет тиісті сабақ ала алды ма? Менің жауабым: ала алған жоқ. Жылдан-жылға қиындай түседі. Одан кейін бүгінгі Үкіметте, бүгінгі қоғамда мынадай ой қалыптаспасын: "алдыңғы жылғы болған қуаңшылық ол өте ауыр" деген. Бұл басы. Бізге "қазекеңдер, дайындалыңдар" деген. Өкінішке қарай біз дайындалған да жоқпыз, қамданған да жоқпыз", - деді "Шопан ата" Ұлттық агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбай.