Ұйымға Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елдері кіреді, деп жазады inbusiness.kz.
"Келісімнің мақсаты – түркі елдерінің орнықты дамуы мен мемлекетаралық саясатын нығайту үшін, оның ішінде қатысушы елдер арасындағы электронды үкіметтің интеграциялық порталдарын кеңейту үшін және мемлекеттік қызметтердің Түркі мемлекеттері ұйымы шекараларында қолжетімділігін барынша арттыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру", - делінген құжатта.
Цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық ақпараттық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді дамыту, порталдарды интеграциялау жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде жобаларды әзірлеу, цифрлық технологиялар саласындағы инвестицияларды ілгерілету және тағы да басқа мәселелерді қамтиды.
Келісім негізінде электронды үкіметті интеграциялау бойынша жұмыс тобы құрылады. Құжатта оның құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері және техникалық сарапшылар кіретіндігі айтылған.
Осы Келісім шеңберінде қазақстандық тарап бойынша жауапты орган – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Құжатты көпшілік талқылау 4 тамызға дейін жалғасады.