Үлбі өзенінде батып бара жатқан баланы аман алып қалған Ерасыл Омархановпен Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов кездесті. Бейбіт күннің батыры бүгінде Қазақстан-Америкалық Еркін университетінде "Психология" мамандығында білім алып жатыр.
"Ерасылдың батылдығы, табандылығы және өзгеге көмек көрсетуге деген шынайы ниеті зор құрметке лайық. Осындай саналы, жүрегі кең, елге жанашыр жастарымыздың бар екені қуантады. Ерасылдың бұл өнегелі ісі өзгелерге үлгі болып, қоғамда мейірім мен жауапкершілікті арттыра түсетініне сенімдімін", - деді Алмат Ақышов.
Әкім Ерасыл Омархановқа Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстады. Сонымен қатар "AN Group" компаниясы 2-ші курста оқып жатқан студенттің қалған оқу ақысын төлеп беретіндіктерін жеткізді.
"Өз әрекетімді ерлік деп санамаймын. Мұндай жағдайда әр азамат дәл осылай көмекке келуі тиіс деп есептеймін", - деді Ерасыл.