5 жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталды – Ерлан Тұрғымбаев

1529

Министр жұртты әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенбеуге үндеді.

5 жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталды – Ерлан Тұрғымбаев

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаев қаласындағы жантүршігерлік оқиғаның ресми нұсқасын ұсынды.

"23 шілде күні кешкі сағат 9.00-де Сәтпаев  қаласындағы Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру шараларының нәтижесінде бірнеше сағаттан кейін бүлдіршін қаладағы бір үйден табылып, медицина қызметкерлерінің қолына тапсырылды. Дәл осы пәтерден күдікті ұсталып, ішкі істер органына берілді. Жас баланы зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға бойынша  бірнеше баппен қылмыстық іс тергелді. Тергеу амалдары жалғасуда", – деген Ерлан Тұрғымбаев шулы оқиғаларды үдетіп, тексерілмеген ақпарат тарату қылмыспен бірдей әрекет екенін еске салды.

"Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды. Құрметті журналистер, отандастар! Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеңіздер және оны таратпаңыздар. Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер. ІІМ  үнемі мониторинг жүргізіп,  жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу