50 гектар жер бөлінген "Байқоңыр" жобасы қағаз жүзінде қалып қойды

1193

Жоспар бойынша 2022 жылы осы туристік аймақта Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы өтуі керек еді.

50 гектар жер бөлінген "Байқоңыр" жобасы қағаз жүзінде қалып қойды

2019 жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтанда өткен "Қазақстандағы ғарыш күндері: Байқоңыр-әлемдік ғарышкердің бесігі" атты халықаралық форум барысында "Байқоңыр" туристік жобасы құрылатындығы айтылған болатын.

Сол кездегі әкім Қуанышбек Ысқақов, "Байқоңыр" туристік аймағы еліміздің топ ондық туристік нысанына енетінін мәлімдеген еді. Ал 2022 жылы осы ойын-сауық және туристік аймақта Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы өтеді деп жоспарланды. Сөйтіп Байқоңыр ғарыш айлағына жақын, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі бойынан 50 гектар жер берілді. Онда ғарыш кемелерінің ұшуын бақылауға болатын алаңдар, 8 залы бар кинотеатр, ойын-сауық орталығы, 500 орындық концерт залы салынуға тиіс еді. Сондай-ақ отбасылық парк, зымыран-ғарыш техникасының ашық экспозициясы, ұлттық тағамдар мейрамханасы және балауыз мұражайы да салынбақ болған. Облыс әкімдігі тіпті Оңтүстік Кореядан жобаға қызығушылық танытқан ірі инвесторлар бар екенін де меңзеді. Алайда жоспары қағаз жүзінде қалды. 

"Ковид індеті жобаға айтарлықтай әсер етті. Туристік аймақ құрылысы кейінге қалдырылды", – деді бұл жайында ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатов.

Жобаның қашан іске асатыны да белгісіз. Белгілісі, өңірде туризмді дамыту бойынша басқа жоспар жасалып жатыр.

"Жуырда Ресей тарапымен бірлесіп "Байқоңыр" кешенінде туризмді дамытуға қатысты дөңгелек үстел өтті. Онда ғарыштық туризмді дамыту, аэроғарыштық өнеркәсіп жұмысын жандандыру, сондай-ақ "Байқоңыр" кешенін дамытуға байланысты шаралар пысықталды. Бұдан басқа, туристік әлеуетті арттыру үшін Ресей Федерациясының "Россия" қонақ үйінің ғимаратын жалға беруден шығару және оны қазақстандық инвесторға беру жұмыстары жүргізілді. Қонақ үй ғимаратын қалпына келтіруге инвестор 2,5 миллиард теңге жұмсады және қайта жаңарту кезеңінде Байқоңыр қаласының және оған жақын Төретам, Ақай елдімекенінің 250 тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі таңда қонақ үй пайдалануға беруге дайындалуда", – деді Ж. Абатов.

Осылайша, туризмді дамытуда әзірге қонақ үй ашумен ғана шектеліп тұрмыз. Ал бұл қонақ үй жұлдызды қалашықтағы ең қымбат жатын жер болғалы тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндағы бөлмелердің бағасы ғарыш қалашығының басқа қонақ үйлеріне қарағанда орта есеппен 5-10 есе жоғары-мыс.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу