Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың 14-22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын аударымын қосымша биометриялық растау туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің пікірінше, аударымдарды тек клиенттің жасы мен операция сомасына қарай міндетті түрде растау дропперлікті азайтуға кепілдік бермейді, керісінше адал клиенттерге қосымша шектеулер туғызады. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмыс ақша қозғалысының сипатын, кіріс көздерін жəне банк шоттарын үшінші тұлғалардың пайдалануын көрсететін өзге де белгілерді ескере отырып, күдікті операцияларды тəуекелге бағдарланған тəсілмен анықтауға басымдық бере отырып жалғастырылады", – делінген жауапта.
Бас прокурордың айтуынша, мұндай тəсіл барлық жас клиентке қосымша шектеулер енгізбей, бақылауды тəуекелі жоғары операцияларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
"Тəуекелдерді бағалау кезінде шот бойынша өзге операциялары жүргізілмеген жеке тұлғалар арасындағы жүйелі аударымдар, абоненттік нөмірлердің ірі сомаларға тұрақты толықтырылуы жəне клиентке тəн емес əдеттен тыс операциялар ескеріледі", – деді Берік Асылов.
Бұған дейін Құрылтай депутаттары жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет екенін айтып, мәселе көтерді. Осы тұста жастардың 50 мың теңгеден асатын аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылған еді.
"Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек", – делінген депутаттық сауалда.