"Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек "50 мың теңгеден таратылып жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілерде "Biz Birgemiz" ұраны аясында телеграм-боттар мен әртүрлі онлайн төлем жүйелері арқылы 50 мың теңгеден таратылып жатыр екен деген жалған ақпарат пайда болғанын хабарлаймын",– деп жазды фейсбуктегі парақшасында Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, қордың қайырымдылық көмегін алу үшін 2485 теңге мөлшерінде біржолғы жиынтық төлем төлеу керектігін де терістеді.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қор қаражатынан берілетін материалдық көмек алушыларға екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карточкасына немесе ағымдағы есепшотына аудару тәсілімен беріледі. Бұл ретте қандай да бір құжат ұсыну немесе салық төлеу талап етілмейді. Сонымен қатар банктер ешқандай комиссия алмайды, егер алушының банк алдында несиесі бойынша қарызы болса да, бұл қаражат осы қарызды өтеу үшін ұсталмайды",– деп нақтылады ол.
Партиясы төрағасының бірінші орынбасарының сөзінше, "Birgemiz" қоры құрылған күннен бері 550 мыңнан астам қазақстандық отбасыға атаулы көмек көрсеткен. Сондай-ақ коронавируспен күреске жұмылдырылған 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне 50 мың теңгеден беріліпті.
"Jas Otan" белсенділері 300 мыңдай отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Мақтаарал ауданындағы су басудан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындарына арнап жаңа үйлер салуға қордан 340 миллион теңге бөлінді. "Birgemiz" қоры ашық және есеп беру қағидаттары негізінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету жұмыстарын ары қарай да жалғастыра береді",– деген Бауыржан Байбек, қор басшылығы мұндай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін ескертті.