Малайзия делегациясымен кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән беріліп, екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев меймандарға ілтипат білдіре отырып, Премьер-министр Ануар Ибрагимнің ресми сапарының шын мәнінде тарихи мәні бар екенін, өйткені бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Өз тарапымыздан Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде аса маңызды рөл атқаратын Малайзиямен анағұрлым тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық жасауға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Жаңа ғана біз көптеген мәселе бойынша ашық әрі достық рәуіште пікір алмастық. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екеніне сенімдімін. Сіздің бизнес-форумға қатысу ниетіңізді құптаймын. Іскерлік топтар арасындағы байланыстар – өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды факторы. Біз малайзиялық компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі қажетті көмек көрсетуге дайын. Бұдан бөлек, екі елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отыр. Сонымен қатар, 500-ден аса қазақстандық студент Малайзия университеттерінде білім алады. Олар екі ел арасындағы "алтын көпір" қызметін атқаратыны сөзсіз, – деді Президент.