500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті

186

Жас жауынгер курсындағы негізгі кезеңдердің бірі – танк сынағы даярлығы мен кедергілер жолағынан өту.  

500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Жаттығу "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасында ұйымдастырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әскери бөлімге келгеннен кейін жас сарбаздар жалпыәскери жарғыларды оқып-үйренуге, саптық және дене дайындығына, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану дағдыларын меңгеруге кірісті.

Теориялық дайындықтан соң теңіз жаяу әскерлері тактикалық алаңда практикалық тапсырмаларды орындауға көшті. Жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада әскери қызметшілер жертасаға орналасып, бос оқтармен атысып, оқу гранаталарын лақтырып, сауытты техниканың көмегімен шартты қарсыласқа қарсы тактикалық маневрлер орындады.

– Негізгі назар әскери қызметшілерді шартты қарсыластың танк бөлімшелеріне қарсы іс-қимыл жасауға практикалық тұрғыда дайындауға және жеке құрамның психологиялық төзімділігін қалыптастыруға аударылды. Қойылған барлық мақсат толық көлемде орындалды, жауынгерлер танк сынағы даярлығынан сәтті өтіп, кедергілер жолағын еңсерді, – деді Жас сарбаздарды даярлау жиынының бастығы  подполковник Жеңіс Ахметқалиев.

Оның айтуынша, танкпен сынақ даярлығы – жас сарбаздардың төзімділігін, өз күшіне сенімділігін және күрделі жағдайда әрекет етуге дайындығын қалыптастратын маңызды дайындық кезеңдерінің бірі.

– Танк жертасаның дәл үстінен өткен сәтте қатты толқу мен зор жауапкершілікті сезінесің. Бірақ дәл осындай сәттерде сабыр сақтауды үйреніп, жауынгерлік тәжірибе жинайсың. Командирлер мен жолдастарымның қолдауының арқасында қорқынышты жеңіп, өз күшіме деген сенімімді арттырдым, – деді Ақмола облысынан шақырылған гвардия қатардағы жауынгері Нұрлан Борамбай. 

Тәжірибелік сабақтар жас сарбаздарды әскери қызмет жағдайына моральдық-психологиялық тұрғыдан бейімдеуге бағытталды.

Жас жауынгер курсынан кейін теңіз жаяу әскерлері 23 мамыр күні әскери ант қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу