500 млрд теңгеден асатын мәмілелер туралы ақпарат құзырлы органдарға жолданды – Әлихан Смайылов

569

Үкімет басшысы капиталды елден шығаруға тосқауыл қоятын шараларға тоқталды.

500 млрд теңгеден асатын мәмілелер туралы ақпарат құзырлы органдарға жолданды – Әлихан Смайылов

Ел Үкіметі жалпы сомасы 500 млрд теңгеден асатын 200 мәміле туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына жолдаған.

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов tengrinews.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Біз сауда-экономикалық операциялар арқылы шетелге шығарылатын капитал ағынын талдау бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, елден экспорттық-импорттық операцияларды төлеуге шығарылған және олар бойынша елге 2 жылдан астам уақытта қайтарылмаған қаражаттың айтарлықтай көлемін анықтадық. Бұл мәселе бойынша жалпы сомасы 0,5 трлн теңгеден асатын 200-ден астам материалды құқық қорғау органдарына жолдадық", – деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек Әлихан Смайылов капиталды елден шығаруды шектеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Соның ішінде заңнамаға бірқатар түзету енгізілгендігі туралы айтты. 

"Атап айтқанда, шетелге төленетін дивидендтер бойынша жеңілдіктер алынып тасталды. Сондай-ақ компаниялар материалдық қызметтер, консалтингтік басқа да қызметтер бойынша шетелдегі тәуелді компанияларына төлейтін (салықтық) шегерімдерге шектеу енгізілді", – деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, Бас прокуратураның басшылығымен құрылған жаңартылған комиссияның бұл бағыттағы жұмысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар Әлихан Смайылов нарықтағы монополиялық жағдайын негізсіз пайдаланатын, бәсекелестікті шектейтін субъектілерді анықтау жөніндегі комиссияның белсенді жұмысын да атап өтті. 

Биыл 40-қа жуық акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік республикалық меншікке берілген. Шенеунік бұл бірқатар жылжымайтын мүлік объектілеріне де қатысты екендігін атап өтті. Аталған компаниялар мемлекеттік мүлік комитетінің балансына өтіп, одан соң белгілі бір саланың дамуына жауап беретін мемлекеттік органдарға беріледі. 

Ақшалай қаражатты қайтару туралы айтатын болсақ, олар республикалық бюджетке түседі деп атап өтті спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу