52 мың ІІМ қызметкері үстемеақы алады

2062

Ішкі істер саласының бір қызметкері коронавирус жұқтырған.

52 мың ІІМ қызметкері үстемеақы алады

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин коронавируспен күреске тартылған сала мамандарын ынталандыру үшін 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты. 

"Мемлекет басшысы бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы жарлыққа қол қойғанын білесіздер. Сонымен бірге коронавирус жұқтыру тәуекелі бар қарым-қатынаста болған құқық қорғау қызметкерлері де бар. Бұл – блокпостарда жұмыс істеп, медициналық мекемелерді күзетуге қатысып жүрген қатардағы жауынгерлер. Бізде індетпен күреске тартылған қызметкерлердің жалпы құрамы 52 мың адамнан тұрады. Бұл жерде басшыларды қосып отырған жоқпыз, қатардағы жауынгерлердің жеке құрамы. Олар бір айлық еңбекақы көлемінде үстемеақы алады. Әр қызметкердің еңбекақысы әрқалай. Жалпы алғанда 6 млрд теңгеден астам қаражат осы қызметкерлерге ақшалай сыйақы ретінде аударылады", – деген ол індет жұқтырған қызметкердің жағдайына тоқталды. 

"Біздің қатарымызда да коронавирсуспен ауыру жағдайы бар. Бір қызметкер жұқтырған. Қазір емделіп жатыр, жағдайы тұрақты. 530-дан астам адам науқастармен қарым-қатынаста болған. Бәрі індет жұқтырған қызметкермен байланыста болды деген сөз емес. Отбасылық қарым-қатынас кезінде, қызмет бабы бойынша науқастармен байланыста болғандар да бар. Оның 30-ы стационарлық емдеуде жатыр. 8 адам үй карантиніне оқшауланған. Қалғандары жазылып шығып, жұмысын жалғастырып жатыр. Қызметтік міндетін атқарып жүріп, қайғылы жағдайға ұшыраған ешкім жоқ", – деді Юрий Ильин.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу