545 мың қазақстандық банктен алған қарызын уақытында төлемеген

1057

Елде 6,1 млн тұрғынның кредиті бар.

545 мың қазақстандық банктен алған қарызын уақытында төлемеген

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Алматыда қаржы секторының өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста Мемлекет басшысы саладағы тұрақтылық маңызды екенін атап өтті.

Ол бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 трлн теңгеге жуық нашар кредит есептен шығарылғанын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі кредит портфелінің 4,3%-ды құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 

Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің  алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

"Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8%-ға артқан. Кредит алушылар 6,1 млн адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.

"Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу