2023 жылдың 2 қазанында жеке тұлғалардың мүлкіне 2022 жылға салық төлеу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Алматы МКД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеке үйлері, пәтерлері, саяжайлары, гараждары және өзге де нысандары бар тұлғалар салық төлеуші болып табылады.
Төлем мерзімінің аяқталуына дейін бірнеше күн қалғанына қарамастан, Алматы қаласының 55 644 тұрғыны жалпы сомасы 735 млн теңгеге салық төлемеген. Оның негізгі сомасы Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғындарына тиесілі, олардың сомасы 315 млн теңге, ал төлемегендердің саны бойынша антирейтингті Бостандық ауданының 37 мың тұрғындары құрайды.
"Төлеу мерзімі өткеннен кейін салық төлемеген тұлғалар салық заңнамасының нормаларына сәйкес банктік қызметтер қол жетімсіз болады, оның ішінде банктік шот ашу, аударымдар жасау, несие рәсімдеу және т.б. Мерзімі өткен әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі", – деп хабарлады Алматы МКД баспасөз қызметі.
Бұдан басқа, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу мақсатында сот орындаушыларына салық бұйрықтарын жібереді, олар борышкерлерге қатысты мүлікке және банктік шоттарға тыйым салу, сондай-ақ елден тыс жерлерге шығуды шектеу шараларын қолданатын болады. Сонымен қатар, қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары ұсталады.
"Салықтарды төлемеуге байланысты мұндай жағдайларды болдырмау үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын алдағы күндері төлеуге шақырамыз. Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады", – деп хабарлады Департаментте.