Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 55 шахта мен кен орнына кешенді тексеру жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру нәтижесінде 45 объектіде жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Қазіргі уақытта 14 шахта мен кен орнында бейнебақылау және позициялау жүйелері Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс орталығына қосылған. Бұл өндірістік жағдайды онлайн режимде бақылап, жедел ден қою шараларын уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Ведомство басшысы өндірістік авариялардың алдын алуда қолданбалы ғылымды дамыту мен заманауи технологияларды енгізу басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осы бағытта Сейсмология институты "Қазақмыс" нысандарында тау жыныстарының опырылу қаупін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл тәжірибені өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындарда қолдану жоспарлануда.
Сонымен қатар, білікті кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсатта қызметкерлердің кәсіби стандарттары жетілдіріліп, Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық ғылыми-зерттеу, даярлау және оқыту орталығы базасында қайта даярлау және оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында кадр тапшылығын азайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты биыл 1 шілдеден бастап инспекторлардың жалақысына 30–70% аралығында үстемеақы енгізілді.
Қабылданып жатқан шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылауды күшейтуге және өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.