56 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келіп-кете алады

868

56 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келіп-кете алады

X Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның инвестициялық саясатына екінші шолу таныстырылды. Құжат елдегі бизнес ортаны жақсартуға бағытталған. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту мәселелеріне арналған сессияда Қазақстанның ЭЫДҰ халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылғаны хабарланды. Осылайша ел болып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі ашық орта қалыптастыруға ниетті екенін жариялады.

"Инвестиция үшін бәсекелестік ешқашан тоқтамайды, біздің міндет осы күресте әрқашан да алда болу. Сондықтан, біз аталған ұсыныстарды жоғары бағалаймыз және оны сапалы енгізу Қазақстан экономикасын нығайту процесінде өте маңызды. Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға қосқан үлестеріңіз бен пайдалы ұсыныстарыңыз және жемісті еңбектеріңіз үшін ЭЫДҰ Хатшылығына және әріптестерге алғыс білдіремін", - деп атап өтті ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров.

Қазақстан соңғы 5 жылда ЭЫДҰ сарапшыларымен бірге елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Әкімшілік кедергілер жойылып, инвесторларды ынталандырудың тың шаралары енгізілді. Азаматтары Қазақстанға визасыз келіп-кететін елдердің тізімі кеңейтілді.

Биыл 1 қаңтардан бастап ондай елдердің саны 56 болды. Сондай-ақ, шетелдік жұмысшы күштерін тарту жағдайы жетілдіріліп, жоғарғы сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот алқасы құрылды.

Азаматтық қоғам мен инвесторлар арасында кері байланыс орнату мақсатында бизнесті енгізуге жауапты ұлттық байланыс орталығы құрылды.

ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес, дүниежүзілік банкпен бірге инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегия әзірленді. Стратегия ЭЫДҰ жаңа ұсыныс пакеттеріне сәйкес, инвестиция тартудың және инвестициялық ахуалды жақсартудың нақты механизмдерін анықтайды.

"Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Біз Қазақстанның инвестициялық ахуалын ЭЫДҰ-на мүше елдердің алдыңғы қатарлы стандарттарына сәйкестендіру үшін барлық күш-жігерімізді саламыз", - деп атап өтті вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу