Үкімет отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева соңғы аптада коронавирустың симптомсыз түрі 65% артқанын айтты.
"Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелген. Оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз. 13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды. Бүгінгі күні тестілеу қуаты 28 мыңға дейін жеткізілді. Барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді. Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Аустриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды", – деді Ләззат Ақтаева.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, зертханалық тексеруден: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар өтуге тиіс.
"COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуаты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда", – деді Ләззат Ақтаева.
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының сөзінше, соңғы аптада ел аумағында 5 485 жағдай тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 1,9 есе өсті.
"Аурудың жалпы санының 44% байланыста болған адамдар арасында тіркелді, 36% кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19% ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, қалған 1% сырттан әкелінген болды. Ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен. Оның ішінде симптомсыз жағдай 65% құрап отыр", – деді Ләззат Ақтаева.
Қанат Махамбет