Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев болашақ журналистерді даярлауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Фактілер жеткілікті болғанымен, сары баспасөзге тән материалдар көбейгені байқалады. Аналитикалық материалдар өте аз. Бұл жағдай журналистерді дайындау процесінде олқылықтар бар деген емес пе? Болашақ журналистер ЖОО-ларда заманауи талаптар мен бүгінгі қалыптасқан жағдайдың шынайы болмысы туралы білімді қаншалықты толық ала алуда? Олардың оқу бағдарламаларын қайта қараудың қажеттілігі бар ма?", - деп сұрады сенатор Әлішер Сатвалдиев.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің дерегінше, қазір журналистика бағыты бойынша 35 ЖОО-да оқыту жүргізіледі.
"Оның ішінде 5700-дей адам оқып жатыр. Бакалавриатта – 5300, магистратурада – 295, докторантурада – 47. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1800 адам білім алып жатыр. Біздегі оқу бағдарламаларының реестрі ішінде 105 оқу бағдарламасы тіркелген. Бакалавриат бағыты бойынша – 66, магистратурада – 32. Қазір журналистерге қойылған талаптар кәсіби стандарттар арқылы жүзеге асады. Оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қойылатын талаптар әрі қарай күшейтілетін болса, оны қосымша қарауға дайынбыз", - деп жауап берді ведомство өкілі.
Сөзінше, бұл бағытта шетелдік серіктестермен бірге оқу бағдарламаларының ішкі мазмұнын жаңарту жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кету керек, Сенаттың жалпы отырысында "Масс-медиа туралы" заң қаралып жатыр.