58 жетім бала баспаналы болды

626

Ақтөбе облысында "Бақытты бала" жобасы сегіз бағыт бойынша табысты жүзеге асырылып жатыр.

58 жетім бала баспаналы болды

Ақтөбе облысында "Бақытты бала" жобасы басталғалы 58 жетім бала баспаналы болды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл Ақтөбе облысында бала жылы деп жарияланған болатын, соның аясында "Бақытты бала" ауқымды жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, отбасы және бала мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары ниет білдірді.

Бүгінде жоба барлық сегіз бағыт бойынша табысты жүзеге асырылып жатыр. Сонымен, білім басқармасының мәліметінше, "Балалардың ІТ әлемі" бағыты аясында 20 мектепті интерактивті жабдықтармен, кешенді робот техникаларымен, 3D-принтерлермен жабдықтау жалғасуда. Бұл жұмыс бүгінде Қобда, Мәртөк, Ойыл, Темір және Хромтау аудандарында толықтай аяқталды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қабылдануда. Бұл үшін "Кедергісіз білім" іс-шараларының жекелеген блогі жасалған. Ерекше балақайларға арналған балабақша мен Қазақстандағы тұңғыш жыл бойғы инклюзивті "Күншуақ" демалу және сауықтыру лагері ендігі ашылып, жұмыс жасап жатыр.

Бұдан басқа, церебралды сал ауруымен және аутизммен ауыратын балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, оңалту орталықтары ашылды. Жалпы, облыстағы 34 мектепке кедергісіз білім беру ортасын жасау көзделген.

"Дені сау болашақ" блогін жүзеге асыру үшін бүкіл облыс бойынша 140 спорт, ойын және воркаут алаңдары, сонымен қатар жабық спорт кешені мен 24 хоккей корттары салынып жатыр. Бұл мақсатқа 385 млн теңгеден астам қаражат аударылмақ. Денсаулығында күрделі кінәрәті бар балалар қымбат тұратын медициналық қызметтерді тегін алатын болады, соның ішінде Оңтүстік Корея мен Түркияға емделуге жіберіледі. Осы жылғы тамыз айының соңына дейін 118 мың бала жазғы демалыспен қамтылмақ. 10 мыңнан аса бала Қазақстанның киелі жерлеріне тегін саяхаттау үшін мүмкіндік алды, тағы жүздеген жас ақтөбелік Татарстан, Өзбекстан, РФ-ның Орынбор облыстарындағы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болып қайтады. Сонымен бірге Ақтөбенің өзінде "Артекке" ұқсауға тиіс "Әсем" жыл бойғы лагері ашылған болатын.

Бұдан өзге, "Бақытты бала" жобасы аясында кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған мыңдаған баланы өз қамқорлықтарына алды. Олар балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшоттарын үнемі толтырып отырады.

Айта кетейік, жоба басталғалы бері 58 жетім бала баспаналы болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу