Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Алдымен министр мемлекет басшысына байланыс сапасының талаптары бекітілгені жөнінде баяндады. Енді 3G/4G желілері үшін сапаның төменгі шегі анықталды. Осыған дейін байланыс сапасының төменгі шегі регламенттелмеген еді.
Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде 5G жылдам интернет желісін енгізу бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
"Радиотолқындарды аукцион форматында анықтау жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістер әзірленді. Бұл 5G желісіне көшуде маңызды рөл атқарады. Енгізілетін өзгерістерге сәйкес байланыс сапасының параметрлерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі 1000 АЕК (2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңге) болмақ", - деп жазылды хабарламада.
Президентке мемлекеттік қызмет көрсетудің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар туралы да баяндалды.
"Министр eGov mobile мобильді қосымшасына биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жайында айтты. Бұл халықтың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне тіркеліп, қызмет алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қосымша арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын тездетуді тапсырды", - деп жазылды хабарламада.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған е-арыз-шағымдар қызмет жүйесі таныстырылды.
"Бұл азаматтардың компьютер түймесін бірнеше мәрте басу арқылы өтініш-шағымдарын беруіне және жедел түрде мемлекеттік органдардан жауап алуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы осындай қызметтің құрылуына қолдау білдіріп, оны тиімді енгізуге тапсырма берді", - деп жазылды хабарламада.
Бағдат Мусин мемлекет басшысына "Цифрлық Қазақстан" жобасының трансформациялану үдерісі туралы баяндады. Онда мемлекеттің азаматтармен өзара ықпалдастығына, халықтың мәселелерін шешуге байланысты барлық тыныс-тіршілікті есепке алуға баса мән беріледі.
Сондай-ақ министр президентке қазақстандық "KazSat" байланыс серігінің жүйесін дамыту қалай жүргізетінін айтты.
"Байланыс серіктерінің жаңа түрлерінің шығуына байланысты "KazSat-2R" жобасын тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл бюджеттің миллиардтаған қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді", - деп жазылды хабарламада.