6 айда қай өңірлерде газ қымбаттады?

952

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша газ экспортының заттай көрінісі 6%, ақшалай мәнде 39% төмендеді. 

6 айда қай өңірлерде газ қымбаттады?

2021 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанда табиғи газды өндіру 31,9 млрд текше метр болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3% аз, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Ең көп газ Атырау облысында өндірілген: 14,3 млрд текше метр – өткен жылмен салыстырғанда 2,7% аз. Үздік үштікке Батыс Қазақстан (11,8 млрд текше метр, бір жылда минус 5,3%) және Ақтөбе (3,3 млрд текше метр, минус 5,9%) облыстары енді. 

Аталған өңірлерде "Теңізшевроил" ЖШС, "Ембімұнайгаз" АҚ, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." және тағы басқа компаниялар жұмыс істейді. Еліміздегі газ өндірудің ұлттық операторы – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы.

Биыл қаңтар-шілдеде ақшалай мәнде 145 млрд теңгенің табиғи газы өндірілген. 2020 жылы 55,4 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3% аз.

2021 жылғы қаңтар-маусымның қорытындысы бойынша Қазақстан 682,8 млн доллар болатын 9 млрд текше метр табиғи газды экспортқа шығарған. Төмендеу бір жылда заттай көріністе 6%, ақшалай мәнде 39,1% болды.

Сектордағы экспорттың 55% ТМД елдеріне жіберілді: 4,9 млрд текше метр, өткен жылмен салыстырғанда 28,8%  артық (алайда құндық мәнде 41,8% аз). Мұнда Ресей көшбасында тұр: 4,8 млрд текше метр табиғи газ, қалған 163,1 млн текше метр газды Қырғызстан сатып алған.

ТМД-ға кірмейтін елдерге 4 млрд текше метр табиғи газ жіберілген: өткен жылмен салыстырғанда 29,3% аз (ақшалай мәнде 38,7% аз). Қытай (3,5 млрд текше метр табиғи газ) және Швейцария (560,6 млн текше метр табиғи шаз) көш бастап тұр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түркіменстаннан кейін 3-орында.

2021 жылғы шілдеде газ бағасы бір жылда 2,9% өскен. Оның ішінде баллондағы сұйытылған газ 6,7%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ 1,8% қымбаттаған.

Шығыс Қазақстан облысында газ бағасы бірден 15,3%, Солтүстік Қазақстан облысында 8,7%, Қызылорда облысында 5,5% көтерілген.

Сондай-ақ Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында газ бағасы өткен жылғы деңгейде қалған, ал Атырау, Жамбыл және Павлодар облыстарында газ арзандаған.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу