Степногорск қаласында полиция қызметкерлері қайғылы жағдайды алдын алып, жас қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
10 маусым күні таңертең сағат 06:45 шамасында патрульдік полиция экипажы – полиция қызметкерлері Ерсайын Ақсарин мен Батырхан Шәкірге көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы балконда жанжал болып жатқаны және қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік топқа учаскелік полиция инспекторы Айбек Жамбылов қосылған. Қыз алтыншы қабаттағы балкон қоршауында тұрып, секіруге әрекеттеніп жатқан сәтте тәртіп сақшылары дереу әрекет еткен.
Учаскелік полиция инспекторы Айбек Жамбылов қызбен сөйлесіп, психологиялық байланыс орнатуға тырысқан. Осы сәтті пайдаланған патрульдік полиция қызметкері Ерсайын Ақсарин өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан қызды ұстап қалып, қауіпсіз жерге шығарған.
Құтқару сәті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына тіркелген. Оқиғадан кейін қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетінің, сондай-ақ адам өмірін сақтап қалудағы жауапкершілігінің жарқын көрінісі болды.