6 қалада қоқыс жағатын зауытты салу үшін қанша қаражат керек?

1039

2025 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды және Шымкентте қоқыс жағатын зауыт салынып, іске қосылуы тиіс.  

6 қалада қоқыс жағатын зауытты салу үшін қанша қаражат керек?

Еліміздің 6 қаласында қоқыс жағатын зауытты салу үшін кемінде 180 млрд теңге инвестиция тарту керек. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін аукцион өткізіліп, жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар анықталады.

"Алдағы 3 жылда Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында қоқыс жағатын зауыт салынады. Жоспарға сәйкес 2024-2025 жылдың соңына дейін зауыттарды инвесторлар іске қосуы керек. 6 зауытқа кемінде 180 млрд теңге инвестиция тарту қажет", - деді Ахметжан Пірімқұлов.

Вице-министр зауыттың бағасы әр өңірде әртүрлі болатынын жеткізді.

"Нұр-Сұлтанда жылына 300 мың тонна, Ақтөбеде жылына 120 мың тонна қоқыс жиналады. Яғни қоқыстың көлемі мен технологияға байланысты зауыттың бағасы 20-40  млрд теңге аралығында болуы мүмкін. Сондықтан 6 өңірде салынатын зауыттың бағасы әртүрлі болады", - деді министрдің орынбасары.

Экология министрлігінің мәліметінше, елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналуын азайту үшін "Waste to Еnergy" технологиясы қолданылады. 6 өңірде салынатын зауыт аталған технология бойынша жұмыс істейді. Яғни қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізіледі. Қоқыс өртеліп, электр қуаты өндіріледі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу